Батыс Қазақстан облысында соңғы екі жыл ішінде 110 елді мекенге таза су тартылды. Жақында Жаңақала топтық су құбыры құрылысы пайдалануға берілді. Бұл құбыр 8 ауылға ауыз су жеткізеді. Сондай-ақ Қазталов ауданының Талдыапан ауылына да «Ақбұлақтың» құбыры жетті.
Көгілдір отынның қызығын 1970- жылдардан бастап көре бастаған Жаңақалада көптен шешілмей келе жатқан түйткіл таза су еді. Өйткені аудан аумағынан қоры мол су көзі табылмаған. Су тазартқыш арқылы ашық көлден тартылған судың сапасы сын көтермеді. Сөйтіп 2017 жылы тамыз айында «Құлшық» жерасты су көзінен Жаңақала топтық су құбырының құрылысы басталды. Оған тапсырыс беруші – Ауыл шаруашылық министрлігінің Су ресурстары комитеті болса, бас мердігер – «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС. Жобалық құны 2 млрд 522 млн теңге болатын құрылыстың келісімшарт бойынша аяқталу мерзімі 2018 жылдың желтоқсан айы еді. Міне, бір жылдан сәл асатын уақыт ішінде ауқымды жұмыс атқарылып, аудан тұрғындарының көптен күткен арманы орындалды.
Бұл топтық су құбырынан Жаңақала ауданының Жаңақазан, Жуалыой, Мәстексай, Мұқыр, Жаңажол, Сарыкөл, Жаңақала, Көпжасар ауылдары тұрғындары таза ауыз су алатын болады. Бұл дегеніңіз – 16 мыңнан аса тұрғын! Құбырдың жалпы ұзындығы 150 шақырым, су жинайтын резервуар сыйымдылығы 2000 текше метр. Электр желілерінің ұзындығы 32 шақырым.
Қазіргі таңда Құлшық құмдағы су көзі басында орналасқан алты су ұңғымасы, тұрғын үй, электр желілерінің құрылысы, сондай-ақ Жуалыой елді мекенінде орналасқан екінші сорғы стансасының құрылысы толық аяқталды. Жуалыой елді мекеніндегі 86 үйге су құбыры тартылды.
− Бұл көптен күткен қуанышты жағдай. Елбасы Жолдауында ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін, өмір сүру сапасын көтеруді жүктеп, міндеттеген болатын. Себебі өңір халқының тең жартысы ауылдарда тұрады. Ауылда адам өмірінің сапасына әсер ететін бірден-бір нәрсе – ауыз су, жол, газ. Жаңақалада да таза ауыз су талай жылдан бері «жыр» болып келе жатқан мәселе еді. Бұл мәселені Елбасы қолдады. Соның нәтижесінде 110 елді мекен немесе 2000 шақырым су құбыры тартылды. Ең бастысы – таза ауыз су болса, адамның денсаулығына да пайдалы болады, өмір сүру сапасы да артады. Сондықтан сапалы ауыз судың игілігін, пайдасын көріңіздер, деді Жаңақала топтық су құбыры құрылысының ашылу салтанатына арнайы келген облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Өңір басшысы осынау үлкен құрылысты сапалы атқарып шыққаны үшін «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС директоры В.Крыловқа алғыс айтты.
Жаңақала ауданы тұрғындарының таза ауыз сумен қамтылуы 54,8%-дан 82%-ға өсті.
Айта кету керек, Батыс Қазақстан облысы – еліміз бойынша таза сумен ең нашар қамтылған өңір саналатын. Екі жыл бұрын батысқазақстандықтардың 64%-ы сапалы су тұтына алмайтыны анықталған. Осы кезеңде атқарылған жұмыс нәтижесінде бұл көрсеткіш 55%-ға түсті. Жүргізілген су құбырларының ұзындығы 2 мың шақырымға жетті.
Жаңақалалықтармен қатар таза суға қол жеткізіп, көңілі көтеріліп отырған ауылдың бірі – Қазталов ауданына қарасты Талдыапан елді мекені. Бұл ауыл елімізде қолға алынған өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының «Ақбұлақ» бағыты аясында таза су жүйесіне қол жеткізді.
Талдыапан ауылдық округіндегі таза ауызсу құрылысының жұмысы 778,674 млн теңге қаражатты құрады. Талдыапан, Сарықұдық, Қайшақұдық, Қособа ауылдарына су құбырын жүргізу жұмыстарын (құбыр ұзындығы – 106,8 км) «БатысГазСтрой» ЖШС сапалы атқарып шыққан. Нәтижесінде 1300-ден астам ауыл тұрғыны таза ауыз сумен қамтылып отыр.
Осы орайда атап айтатын бір жайт – құбыр құрылысына жергілікті зауыт өнімдері пайдаланылған.
– Құрылыс барысында жергілікті үш зауыт – «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» шығарған полиэтилен құбырлар, «Стройкомбинат» шығарған темірбетон бұйымдар, Орал құю-механикалық зауытында жасалған су жинағыш мұнаралар пайдаланылды. Жергілікті көлік компаниялары тартылды, сондай-ақ аудан тұрғындары да жұмыс тапты. Халықты таза ауызсумен қамту ісі келер жылы да тоқтамайды. 2019 жылы Батыс Қазақстан облысында тағы 50 елді мекенге таза су құбырын жүргіземіз, деді өңір басшысы Алтай Көлгінов.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы